Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты 300-ге жуық іс қозғалады - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты 300-ге жуық іс қозғалады - министрлік

«Заң жобасын әзірлеу үшін 2018-2020 жылдары жеке әрі заңды тұлғалардан келіп түскен және қаралған өтініштерге, сондай-ақ 2017-2020 жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерге талдау жүргізілді. Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша шамамен 300-ге жуық іс қозғалады», - деді А. Ғиният Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, қылмыстық істер көбінесе хирургиялық бейіндегі мамандарға қатысты болып тұр. Себебі бұл бағытта өлім-жітім тәуекелі жоғары.

«Зардап шеккендердің пайдасына моральдық және материалдық залал өтемақысын төлеудің жалпы сомасы жылына 40 миллион теңгеден асады екен. Сақтандыру төлемдері соттың шешімі бойынша сақтандыру полисі болған кезде жүзеге асырылады. Қылмыстық жауаптылық танылған жағдайда төленбейді», - деді министр.

«Осындай медициналық жағдай болған кезде медицина қызметкері жалақысының деңгейі науқастың денсаулығына келтірілген зиянды өз бетінше өтеуге мүмкіндік бермейді», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі.