Жыл сайын республикада 19 мыңға жуық өрт болады
Бұл туралы бүгін елордада ҚР ТЖМ ресми өкілі Любовь Шапошникова мәлім етті.
Оның атап өтуінше, жыл сайын республикада 19 мыңға жуық өрт орын алса, оның 6 мыңға жуығы немесе 42 пайызы ауылдық жерлерге тиесілі. Мәселен, 2010 жылы 600-ге жуық дала өрті тіркеліп, өртке оранған аумақтың жалпы көлемі 140 мыңнан астам гектарды құраған. Келтірілген залал мөлшері 47 мың теңгеден асып, төтенше оқиға салдарынан 1 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алған.
«Сонымен қатар өткен жылы орманды алқаптарда 600-ден астам өрт болды. Өртенген жердің жалпы аумағы 11 700 гектарды құрап, келтірілген шағын 300 млн-нан асты», - деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Любовь Шапошникова.
Оның айтуынша, өткен жылы Ақмолада 164, Солтүстік Қазақстанда 121, Павлодарда 113, Шығыс Қазақстанда 95 орман өрті тіркелген. Ал ең көп дала өрті Ақтөбе (300), Қарағанды (108), Шығыс Қазақстан (83) облыстарында орын алған.