Жыл сайын су тасқынынан Қазақстан экономикасына 419 млн доллар шығын келеді
«Маусымдық су тасқыны үлкен экономикалық шығынға ұшыратады, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығының есебіне сәйкес, Қазақстан экономикасына су тасқыны салдарынан 419 млн доллар орташа жылдық шығын келеді. Су тасқынынан зардап шеккен адамдардың орташа жылдық саны шамамен 156 мың», - деп көрсетілген Ашық НҚА порталында жарияланған тұжырымдамада.
Экология министрлігінің дерегінше, су тасқынына негізгі себеп - маңызды объектілердің дұрыс қорғалмауы, заманауи технологиялардың болмауы, гидрологиялық болжамдардың дұрыс жүргізілмеуі.
«Бұған іргелес мемлекеттердің келісілмеген әрекеттері де себеп болады. Мәселен, Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасындағы апат. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет, «Қазсушар» және «Қазгидромет» болжамды-талдамалық жұмысы нашар ұйымдастырылған. Негізінен әрекет ету шаралары фактіден кейін жасалады, болжам әлсіз жүргізіледі. Бұл ретте ауа райының өзгеруіне, судың ағымдағы температурасына, мұз бен жауын-шашынның еру қарқындылығына тиісті көңіл бөлінбейді», - деген мәселелер қозғалған құжатта.
Тұжырымдама жобасы 20 маусымға дейін көпшілік талқылауында болады.