«Жыл шекарашысы» анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік қызметінің үздік шекара қызметкері анықталды деп хабарлайды, ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.
Шекара қызметкерлері өткен жылдың жұмысын қорытындылап және алдағы атқарылар шараларды талқылауға арналған жиын өткізді. Онда жылдың үздік қызметкерін де анықтады. «Жыл шекарашысы» болып келісімшарт қызметінің аға сержанты Әлібек Бектембаев танылды.
Ол 2004 жылдан бастап бүгінге дейін шекара сапындағы қызметінде 20 келіге жуық есірткі затын тәркілеген. Кинология орталығында арнайы оқуды тәмамдаған соң иісшіл қызметтік иттермен жұмыс істей бастап, 2010 жылы «Үздік кинолог» атанған. «Осы күнге дейін есірткі тасымалына қатысты 65 қылмысты анықтап және бірқатар оқ-дәрі, өткізуге тыйым салынған әдеби кітаптарды ел шекарасына өткізудің алдын алған Әлібек Бектембаев «Жыл шекарашысы» деген атаққа әбден лайық», делінген хабарламада.