Жыл соңына дейін 430 мың алматылық тегін вакцина алады
ҚР-да COVID-19 вирусына қатысты енгізілген карантинге байланысты ағымдағы жылдың 22 наурызынан бастап профилактикалық егулер тоқтатылып, 11 мамырда қайта басталды. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, тұрғындарды емхананың учаскелік медбикесі егуге шақырады.
Бірінші кезекте, жоспарлы екпені алмаған 1 жасқа дейінгі балалар қамтылады. Вакцинация барлық міндетті санитарлық шараларды сақтай отырып жүргізіледі. Сонымен қатар, препаратты енгізер алдында дәрігерлер ампуланың жарамдылық мерзімін, тұтастығын тексеруге міндетті.
«Иммундау жұмыстары күнтізбеге сәйкес жалғасуда. Емханаға тек алдын ала жазылу арқылы бару керек. Келетін пациент жайлы медициналық мекеме қызметкерлерін алдын ала хабардар етеді. Вакцинация тек адамның сау фонында жүргізіледі. 30 минут ішінде медицина қызметкерлері баланың немесе ересек адамның жағдайын мұқият бақылауы керек. COVID-19 вирусымен ауырып жазылған және олармен байланыста болған бірақ, клиникалық белгілері жоқ адамдар әдеттегідей вакцинациялануы мүмкін», - деп атап өтті Алматы қаласы №4 емхананың бас дәрігері Зухра Умарова.
Қазақстанның Ұлттық егу күнтізбесінде 21 инфекцияның алдын алу және таралу мүмкіндігі қарастырылған. Олар тегін беріледі.
Инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы жоспарлы егуге төмендегі топтар жатады:
– профилактикалық егулерді жүргізудің белгіленген мерзімдеріне сәйкес жасы келген адамдар;
– жұқпалы аурулардың (көктемгі-жазғы кене энцефалиті) табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін халық;
– өзінің кәсіби қызметі бойынша қауіпті топқа жататын тұлғалар: медицина қызметкерлері («В» вирус гепатиті, тұмау);
кәріз және тазарту құрылыстарының қызметкерлері (іш сүзегі);
– өз денсаулығы бойынша қауіпті топқа жататын тұлғалар:
– қан құю процедурасынан өткендер («В» вирус гепатиті);
–медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар (тұмау);
– балалар үйінің, сәбилер үйінің балалары, қарттар үйінің контингенті (тұмау);
– кез келген жануар тістеген, сілекейленген адамдар (құтыру);
– жарақат алып, тері және шырышты қабаттары бұзылған, жараланған адамдар (сіреспе);
– инфекциялық сырқаттанушылық деңгейі жоғары өңірлерде тұратын адамдарға эпидемиологиялық көрсеткіштер («А» вирусты гепатиті, тұмау, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит) бойынша вакцинациялау жүргізіледі.
Күзде COVID-19 вирусымен сырқаттанудың екінші толқыны болуы мүмкін, бұл ретте негізгі қауіп тобы созылмалы аурулары бар адамдар, оның ішінде 65 жастан асқан адамдар (жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қант диабеті және өкпенің созылмалы обструктивті ауруы бар) және медицина қызметкерлері болмақ.
Осыған байланысты қыркүйек айының басында тұмауға қарсы вакцинациялау басталады. Қазіргі уақытта 130 000 доза жеткізілуі керек. «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистррибьюторына қосымша тұмауға қарсы вакцинаның 300 000 дозасына өтінім берілді, ол 2020 жылдың қазан айында жеткізіледі деп жоспарлануда.