Жыл соңына дейін ауыл мектептеріне 362 автобус жеткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл жыл соңына дейін ауыл мектептеріне оқушыларды тасымалдауға арналған 362 автобус жеткізіледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені ұлттық заңнамада көзделген. 2022 жылы балалардың қатысуымен 3 385 жол көлік оқиғасы тіркелді, оның ішінде 248 бала қаза тапты (2021 жылы – 200), 3 989 бала жараланған (2021 жылы – 3 333). Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында «Жол қозғалысы ережелері» курсы барлық оқу деңгейінде көзделген (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік). Балаларды тасымалдау талаптарының сақталуы тексеріледі. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар білім мекемелерінің жанында қауіпсіз инфрақұрылым құру жөнінде шара қабылдап жатыр», - деп атап өтеді Серік Жұманғарин таяуда таратылған Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.

Оның атап өтуінше, отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларында жергілікті атқарушы органдардың білім алушыларды жақын мектепке дейін тегін тасымалдау қызметін көрсетуге қойылатын талаптар айқындалған.

«Балалар жылы аясында Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2022 жылы ауылдық мектептерінің автобус паркін (515 автобус) жаңарту жобасын іске қосты. Бүгінгі таңда өңірлерге 153 автобус жеткізілді, қалған 362 автобус 2023 жылдың аяғына дейін мектептерге жеткізіледі», - деді вице-премьер.


Соңғы жаңалықтар