Жыл соңына дейін бензин бағасы көтерілмейді - Е. Досаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін жанар-жағармай бағасының өсімін күтіп отырған жоқпыз. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Қазақстан нарығын мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету проблемаларына тоқталатын болсақ, бүгінде жанар-жағармай тапшылығы жағдайынан шықтық, сондай-ақ қыркүйек айындағы өзгерістерден кейін биыл оның бағасының өсімі қарастырылып отырған жоқ»,-деді министр.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы экономикалық өлшемдер мәселесіне де тоқталды.
«2015-2017 жылдарға байланысты параметрлер өзгеруі мүмкін. Бүгіндегі ахуалды еске отырып, ешкім де бір айлық болжамды нақты айта алмайды. Жағдай күн сайын өзгеріске ұшырауда. Біз 9 айдың қорытындысын күтіп отырмыз, осыдан кейін тиісті шешім қабылдайтын боламыз»,-деді Ұлттық экономика министрі.