Жыл соңына дейін дизельді биржа арқылы сату жолға қойылады
«Әлемдік тәжірибе жанармай бағасын белгілеудің неғұрлым тиімді және ашық тетігі биржалық сауда екенін көрсетіп отыр. Бізде бірнеше жылдан бері мұнайдан сұйытылған газ электрондық сауда алаңдарында сатылып келеді. Жанар-жағармай бойынша министрлік Бәселекелстікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Осы жылдың наурыз айынан бастап бензин осындай жолмен сатылып отыр. Төртінші тоқсанда дизельді биржалық сауда алаңына шығару жоспарлануда», - деді Бауыржан Сәлімгереев.
Сондай-ақ, ол орақ науқанында шаруаларды дизель отынымен қамтамасыз ету үшін Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстары шегерілгенін мәлім етті.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету кезінде олқылықтар болмау үшін Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстарының уақыты шегерілді. Бастапқыда жөндеу жұмыстарын 24 шілдеде басталып, 24 күн бойы жалғасады деп жоспарланған болатын. Енді жөндеу ағымдағы 1 қазанда басталады. Бірақ жоспарлы жөндеу жұмыстарын түбі бір жүргізбесе болмайды. Өйткені зауыттың одан әрі қауіпсіз жұмыс істеуі жөндеу жұмыстарына тәуелді», - деді Бауыржан Сәлімгереев.