Жыл соңына дейін Қазақстан индустриясы қызыл аймақтан шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ел Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму  мемлекеттік бағдарламасының негізгі индикаторларындағы жетістіктерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл соңына дейін Қазақстан индустриясы қызыл аймақтан шығады

«Бағдарламаның негізгі индикаторлары толықтай алғанда еліміз бойынша артығымен орындалуда. Дегенмен, кестеден көргеніміздей, әсіресе негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша арта қалып келе жатқан өңірлер де бар. Бүгін сөз сөйлегендерден бөлек Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Астана кейін қалып отыр. Бұл өңірлердегі жұмыстар дұрысталып, жылдың соңында біз қызыл аймақтан шығамыз және оң нәтижеге қол жеткіземіз. бірқатар саладағы жаңа экспорттар бойынша да жағдай түзеледі деп ойлаймын», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Айта кетерлігі , отырыста негізгі баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің  айтуынша, биыл 9 айда өнеркәсіптік өндірістің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өсіп, 6,5 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік бағдарламалардың негізгі индикаторлары бойынша да оң динамика бар. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған 23,1 пайызға өсіп, 9,9 млрд АҚШ долларын құрап отыр.