Жыл соңына дейін Қазақстанда бүкіл сот залдары бейне жазу жүйесімен қамтылады - М.Бекетаев

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның қатысуымен өтіп жатқан баспасөз мәслихатының тақырыбы - «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іс жүзіне асыру».
«Заңның үстемдігін қамтамасыз ету бағыты бойынша реформаларды іске асыру туралы баяндауға рұқсат етіңіздер. Жыл басынан сот органдары бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге көшті. Сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдетумен қоса, бұл - істерді сотта қарау мерзімдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Сот бақылауын күшейту жəне азаматтардың құқықтарын қосымша қорғау мақсатында сотқа төрт тергеу қызметіне санкция беру уəкілеттіліктері берілді.
Бұл - қарап тексеру, тінту, алу жəне жеке басын тінту. Жыл басынан бері бұлар бойынша сотқа 4 715 материал түскен.
Сот ісін ашық өткізу мақсатында сот мəжіліс залдарында сот процестерін бейне жəне таспаға жазуға мүмкіндік беретін жаңа жүйемен жабдықтау жұмысы жалғасуда. Қазір осындай жүйемен 1 050 зал немесе барлық залдардың 75 пайызы жабдықталған. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады»,-деп хабарлады М.Бекетаев.