Жыл соңына дейiн ҚХА туралы заңға енгiзiлетiн өзгерiстер Парламент қарауына шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" жаңа заң жобасы Мәдениет және спорт министрлiгi тарапынан әзiрленiп, жыл соңына дейiн Парламент қарауына енгiзiлуi тиіс.
None
None

Бұл туралы бүгiн "Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастар саласын құқықтық реттеу" мәселелерi талқыланған дөңгелек үстел барысында ҚР Президент Әкiмшiлiгiнiң Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушiсi Нәзипа Шанай мәлiм еттi.

Н.Шанайдiң айтуынша, заңға енгiзiлетiн өзгерiстер қоғамдық келiсiмдi нығайтуға бағытталатын болады.

"Заңға өзгерiстер енгiзiлуiнiң себебiн айтып өтейiн. Өздерiңiз бiлесiздер, 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған кезде, оның негiзгi мақсаты - Қазақстан Республикасындағы этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды реттеу болатын. Ал, қазiр, осы 20 жыл iшiнде Ассемблея өз дамуында үш бiрдей кезеңнен өттi. Ол кезеңдердiң алдында тұрған негiзгi мақсаттардың бәрi орындалды. Шынында да, бүгiнде Қазақстан Республикасының аймағында проблема ретiнде көтерiлетiн этносаралық немесе конфессияаралық мәселелер жоқ. Сондықтан, Ассамблеяның ендiгi мақсаты - қоғамдық келiсiмдi сақтау" , - дейдi Н.Шанай.

Бұл ретте сарапшы қоғамдық келiсiм деген түсiнiктiң аясы кең екенiн айта келе, ең алдыңғы өзекті мәселелер ретiнде әлеуметтiк теңдiктi атап өттi.

"Қоғамдық келiсiмнiң бұзылуына әлеуметтiк және экономикалық мәселелердiң ықпал ететiнi рас. Оның барлығын, соның iшiнде, жастар, мүмкiндiгi шектеулi адамдар мәселелерін қамтитын түсiнiк - қоғамдық келiсiм. Сондықтан, заңға енгiзiлетiн өзгерiстер қоғамдық келiсiмдi нығайта түсуді көздейді" ,- деп атап өттi сарапшы.

Атап өтсек, Заңға енгiзiлетiн өзгерiстердi ҚХА-ның Атқарушы органы ретiнде белгiленген Мәдениет және спорт министрлiгi әзiрлеп, Парламент қарауына енгiзуi тиіс.

Соңғы жаңалықтар