Жыл соңына дейін мүгедектікке жәрдемақы тағайындау бойынша бірқатар қызметтер автоматтандырылады - С. Жақыпова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың соңына дейін мүгедектікке қатысты жәрдемақы тағайындау бойынша бірқатар қызметтерді автоматтандыру көзделеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
Баспасөз мәслихаты мемлекеттік қызметтер мен функцияларды автоматтандыру есебінен халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған болатын.
«Биылғы жылдың соңына дейін мүгедектікті және мүгедектікке байланысты жәрдемақыны тағайындау бойынша бірқатар қызметтерді автоматтандыру және іске қосу көзделеді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық құралдармен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүзеге асырылатын қызметтерді де автоматтандыру қарастырылып отыр. Бұл ретте кіріс нүктесі біздің министрліктің аумақтық бөлімшелері болып табылады. Мүгедектік тағайындалған сәтте ол тұлғалар тарапынан әлеуметтік жәмдемақы тағайындау және техникалық құралдар алу туралы өтініштер жазылады. Осы үш қызмет тікелей бір мекемеде көрсетіледі», - деп атап өтті С. Жақыпова.
Сонымен қатар, вице-министр сөз арасында портал арқылы жүзеге асатын жасына байланысты мемлекеттік жәрдемақы тағайындау, мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындау, жұмысын жоғалтқанына байланысты төлемдер мен бала тууына байланысты әлеуметтік жәрдемақылар бойынша қызметтеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, мұндай қызметтердің оңтайлы тұсы сол - азаматтар мекемелерге барып, тізім бойынша құжаттар тапсырып, табан тоздырмайды. Бұл үшін азамат «Электрондық үкімет» порталында авторизациядан өтіп, оның электрондық цифрлы қолтаңбасы болуы керек. Егер порталда оның жеке кабинеті болса, ол өтінішке қол қойып, мемлекеттік орталыққа өтінішін онлайн режиммен жолдайды.