Жыл соңына дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарушы компаниясының ұйымдастырушы құрылымдары үлкен өзгерістерге ұшырайды - Ө. Шөкеев
АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Астанада өткен Қор компаниялар тобының тәуелсіз директорларымен, топ-менеджментімен кездесті. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметінен хабарлап отыр.
«Біздің 2014 жылғы басты мақсатымыз тиімді директорлар кеңесін құру болып табылады. Бұл бастама әрдайым біздің бақылауымызда болады», - деп атап өтті Басқарма басшысы жиналыс барысында.
Сонымен қатар, Ө. Шөкеевтың айтуынша, келер жылы инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру, шығынды оңтайландыру, даму стратегиясы, қаржылық есепті жетілдіру, корпоративтік басқару мен кадр саясаты сияқты мәселелер де күн тәртібінде болмақ.
«2014 жыл озық жобалар мен табысты нәтижелердің жылы болуы тиіс», - деді Ө. Шөкеев.
Сондай-ақ, Басқарма төрағасының айтуынша, 2013 жылдың соңына дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ орталық аппараттарының ұйымдастырушы құрылымдары үлкен өзгерістерге ұшырайды. «Қазір «ҚазМұнайГазда» үлкен ұйымдастырушылық-құрылымдық өзгерістер болып жатыр. Компанияның құрылымы толықтай өзгеруде. Басқарушы директорлардың бүтіндей бір буыны кетіп жатыр. Еншілес компаниялардың басшылары бас компанияның басқарма мүшелері болуда. Біздің ұжымдық орталықта да жуырда осындай өзгерістер болады», - деп атап өтті Ө. Шөкеев.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер жаңа жылға дейін орын алады. «Әрине, қысқартулар болады. Кейбір қызметтер, және кейбір басы артық құрылымдар оңтайландырылады», - деп түйіндеді Ө. Шөкеев.