Жыл соңына дейін Сириядан бас сауғалаған босқындар саны 6,5 миллионға жетуі мүмкін - БҰҰ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сириядағы азаматтық соғыстан бас сауғалап, үдере көшкен босқындар саны жыл соңына қарай 3,5 миллионнан 6,5 миллионға дейін жетуі мүмкін. Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Бас комиссарының өкілі Амин Авад осылай мәлімдеген.
БҰҰ комиссарының айтуынша, қазіргі таңда 2,5 миллионға жуық сириялық азамат көршілес елдерді паналап отыр. Ұйым таратқан ақпаратқа сәйкес, Ливанда 900 мыңға жуық, Түркияда 600 мыңға жуық, Йорданияда 590 мың, Ирактың солтүстігінде 200 мыңнан астам босқын тұрып жатыр. Сонымен қатар, 135 мыңға жуық сириялық Мысырдан, 20 мыңы Солтүстік Африкадан пана тапса, 30 мың азамат өзге мемлекеттерге шашырап кеткен.
БҰҰ Бас комиссарының Сирия жөніндегі аймақтық үйлестірушісі қызметін атқаратын А.Авад биыл сириялық босқындарға көмек ретінде 6,5 млрд доллар жинау қарастырылып отырғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, бұл қаражат босқындарды баспанамен қамтамасыз етуге, оқытуға және қорғауға жұмсалмақ. «Сонымен қатар, туған жерін тастап шыға қоймаған 3 милионға жуық адам көмекке зәру», деп қорытты А.Авад.