Жыл соңына дейін жер кадастрының ақпараттық жүйесі өнеркәсіпте іске қосылады
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков осылай мәлім етті.
«Жер ресурстарын басқаруда мемлекеттік жер кадастрын жүргізудің маңыздылығын барлық мемлекеттер мойындайды. Жер кадастры еліміздің негізгі байлығы саналатын жеріміздің сандық, сапалық құқықтық жағдайларын қамтитын жиынтық жүйесі болып табылады. Жер реформасын іске асыру барысында еліміздегі кадастрдың негізі қаланып, оның инфрақұрылымы қалыптасты. Өткен жылы мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі тәжірибелік түрде іске асырылған болатын. Оны өнеркәсіптік іске қосуды ағымдағы жылдың аяғына дейін өткізу жоспарланады», - деді Ө. Өзбеков.
Сонымен қатар жер қатынастарындағы геодезия және картография қызметтеріне қатысты заңнамаларды жетілдіру мәселесіне тоқталған агенттік төрағасы, бүгінгі күні Мәжілісте жер кодексіне өзгерістер енгізілетін заң жобасы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, аталған жобада жер қатынастарына қатысты бірқатар мәселелер қамтылып отыр. «Мәселен, елді мекендердің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, олардың айналасындағы жасыл аймақтарды, сондай-ақ кен орындарын игеру мақсатында жерлерді резервке қою шаралары көзделеді. Жер учаскелерін игерудің нақты мерзімі мен шарттарын орнату нормалары қарастырылады», - деді Ө. Өзбеков.