Жыл соңына дейін жұмыссыздық қай деңгейге жетуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов жыл қорытындысы бойынша жұмыссыздық қай деңгейге жетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкеновке еліміздегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты сұрақ қойылды.

«Еңбек министрлігінде тиісті болжам бар, онда жыл соңына дейін жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайыз шамасында болады деп ескерілген. Біздің болжамда оңтайлы және теріс факторлар қамтылып отыр. Теріс факторға коронавирус жағдайын айтуға болады», - деді С. Шапкенов.

Сонымен қатар ол коронавирус індетінің жаңа толқыны болуы мүмкін деген ескертулер айтылып жатқанын еске салды.

«Жаңа толқын болса және карантин шаралары жалғасса, бұл жағдай теріс әсерін тигізетіні анық. Ал оңтайлы фактор ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» өзінің нәтижесін беріп жатқанын атап өткім келеді. Бірінші тоқсанда жұмыссыздық 4,8 пайыз болса, екінші тоқсанда 5 пайыз деңгейінде. «Еңбек» бағдарламасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жұмыссыздық деңгейін 5 пайыз шамасында тоқтатуға мүмкіндік берді», - деді вице-министр.

«Бұл бағыттағы болжамдар жағдайға байланысты қайта қаралуы мүмкін. Яғни, осы тұрғыда жақсы әрі жағымсыз нәтиже болуы ықтимал. Сондықтан аталған факторларға қарай, жағдайды бағалауға болады», -деді С. Шапкенов.


Соңғы жаңалықтар