Жыл соңында «Алау» мұз сарайы тағы да Әлем кубогын қабылдайды

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Коньки тебушілердің халықаралық одағы (ISU) Қазақстанға осымен үшінші рет Астанада коньки тебу спорты турнирлерінің ішіндегі беделді сайыстардың бірін өткізу құқығын берді,

Жыл соңында «Алау» мұз сарайы тағы да Әлем кубогын қабылдайды

деп хабарлады Мұз сарайының баспасөз қызметінен.

«Өз мұз айдынында өтетін ірі жарыс әрине, қазақстандық спортсүйер қауым үшін үлкен сыйлық. Бірақ, бәрінен де біздің ұлттық құрамаға зор үлесін тигізеді. Биылғы маусымда өткен Әлем кубогының соңғы 4 кезеңі бойынша Сочи-2014 Олимпиада ойындарына іріктеу өткізіледі. Астанада өтетін бәсекеде қазақстандық команда әр қашықтық бойынша бес спортшыны қатыстыра алады. Демек, біздің спортшыларымыздың басым бөлігінің жолдама үшін таласқа түсуіне жол ашылып отыр», - делінген хабарламада.

Сочи жолдамасы үшін тартыс жоғары жылдамдық пен шиеленіске толы болмақ. Астанаға әлемнің үш жүзден астам спортшысы келеді. Осылайша, мұз айдындарының рекордын әрі оған қоса ортақ рейтингті де жаңартуға нақты мүмкіндік бар.

Кубокты өткізудің нақты мерзімі: 2013 жылдың 29 қарашасы мен 1 желтоқсан аралығы.

Үш күн бойы жарыстар мынадай қашықтықта өткізіледі:

Қыздар: 500 м, 1000 м, 1500 м, 5000 м.

Ерлер: 500 м, 1000 м, 1500 м, 10 00 0м.

Айта кетейік, бүгінде астаналық мұз сарайы ғаламшардағы ең үздік сарайлардың тізімінде алтыншы орында тұр.