Жыл соңында Астана автобустарында жол ақысын электронды төлеу жүйесі енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 4-ші тоқсанында Астана қаласының қоғамдық көлігінде жол ақысын электронды төлеу жүйесін енгізу жоспарлануда.
None
None

Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берген жауабында Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жүйе қалалық, қала жанындағы және жедел бағдарларда жүзеге асырылады. Автобустағы электронды билеттің құны, сондай-ақ жол жүру тарифтік саясат шеңберінде анықталатын болады. Бұл ретте, қағаздағы бірыңғай жол билетіне ұқсас жеңілдіктер жүйесі де сақталады.

Әкімдіктің хабарлауынша, жол ақысын электронды төлеу жүйесіне өту кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Ол толығымен енгізілген кезде автобустарда кондукторлар қызметі жойылады.

«Жол ақысын электронды төлеу жүйесін енгізу мақсаты - халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту, жолаушыларды есепке алу және корреспонденциялау, сондай-ақ жол ақысын саралау болып табылады. Бұл қаржылық ағын мен салық төлемдерінің айқындылығын жоғарлатады, жолаушыларды мінгізіп-түсіру уақытын, көліктің қозғалыс қашықтығын айтарлықтай азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартады», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар