Жыл соңында Астанаға қосымша 300 автобус әкелiнедi - И. Тасмағамбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл соңында Астананың автобус паркi тағы 300 жаңа көлiкпен толықпақ. Бұл туралы бүгiн Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов мәлiм еттi.
«Биылдан бастап бiз қажеттi қоғамдық көлiктердi сатып алуды жүзеге асырамыз. Жыл соңында бiздiң қаламыз 300 автобуспен толығады. 2017 жылға қарай бiз автобус паркiн толығымен жаңартып, кеңейтуiмiз тиiс», - дедi ол «Астана bike» жобасының таныстырылымы барысында.
Қала басшысының айтуынша, бүгiнде қолданыста жүрген 850 көлiк елордалықтардың қажеттiлiгiн толығымен қамтамасыз ете алмауда.
«Астанада кем дегенде 1200 автобус болуы керек. Адамдар күнiне бiрнеше рет автобус қолдануын ескерсек, бүгiнгi қуатымыз күн сайын қалада 700 мың адам тасымалдауға ғана жетедi. Бiрақ шын мәнiнде оның жалпы көлемi 1 миллионнан астам адамды құрайды», - дедi И. Тасмағамбетов.