Жыл соңында қазақ тілін тегін үйрететін «Qazaqsha-online» интернет-порталы іске қосылады
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев айтты.
Оның айтуынша, жоба аталған қордың бастамасымен «Қазақстан - 2050» Стратегиясында айтылған міндеттерді орындау мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті қорының және «Samsung Electronics Kazakhstan and Central Asia» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады.
«Мемлекеттік тілді тегін үйрететін интернет-порталдың жұмысына елімізге белгілі ғалымдар тобы тартылып отыр. Олар барлық әдістемелік мәліметтердің 50 пайызын дайындап қойды. Жоспар бойынша, портал 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін іске қосылады», - деп атап өтті А. Шауеев.
Оның айтуынша, онлайн курс тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Оқу бағдарламасы қазақ тілін тиімді әдіс-тәсілдер арқылы жедел меңгеруге және тіл үйренушілерге алынған білік-дағдыларын күнделікті өмірде еркін пайдалануға мүмкіндік береді. Жобада үйренуге тиімді оқу материалдары мен ақпараттық жүйедегі жаңаша мультимедиялық мүмкіндіктер, атап айтсақ, графикалық суреттер мен анимация түрлері, аудио және бейне материалдар үйлестіріле берілмек.
Айта кету керек, баспасөз мәслихаты барысында «Мемлекеттік тілді дамыту» Қоры мен «Samsung Electronics Kazakhstan and Central Asia» компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.