Жылдық инфляция нысаналы дәлізден асып, 6,7 пайызға жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жылдық инфляция 4-6 пайыздық нысаналы дәлізден асып, 6,7 пайызға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылдық инфляция нысаналы дәлізден асып, 6,7 пайызға жетті

«Биыл мамыр айында жылдық инфляция 2020 жылға арналған 4-6% нысаналы дәлізден жоғары қалыптасып, 6,7% болды. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі 10,7%-ға дейін жылдамдады. Бұл 2016 жылғы қазаннан бастап ең жоғары көрсеткіш», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Ерболат Досаевтың мәліметіне сәйкес айлық өсім жоғары болып қалғанымен, жекелеген азық-түлік өнімдері бағасының өсу қарқыны тұрақталған. Азық-түлікке жатпайтын тауар бағасының жылдық өсімі жанар-жағармай бағасының (бензин мен дизель отыны 0,7%-ға) төмендеуінен 5,3%-ға дейін бәсеңдеген.

«Ақылы қызметтің жылдық инфляциясы бір айда төтенше жағдайда реттелетін коммуналдық қызмет тарифтерінің уақытша азаюынан 3,5%-дан 3,0%-ға дейін төмендеді. Биыл мамырда тарифтер 3%-ға, жылдық көрсету бойынша 1,9%-ға төмендеді. Біздің бағалауымыз бойынша, биыл жылдық инфляция 4-6%-дық нысаналы дәлізден жоғары қалыптасады. Ал Brent маркалы мұнайдың бір баррелі үшін 35-40 АҚШ долларын көздейтін базалық сценарийге сәйкес 8,0-8,5% болады. 2021 жылы айырбастау бағамының ішкі бағаларға ауысу нәтижесінің аяқталуына және ішкі экономикадағы жағдайдың тұрақтануына қарай жылдық инфляция нысаналы дәліздің жоғары шегіне біртіндеп бәсеңдейді», - деді ол.