«Жылдың көбі өтіп, азы қалғанда биылғы бюджет қайта бүтінделді»- республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 қазан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жылдың көбі өтіп, азы қалғанда биылғы бюджет қайта бүтінделді»- республикалық басылымдарға шолу

***

Елбасы Н.Назарбаевтың елімізде қазақ - түрік өндірістік аймағын құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Н.Сауранбаев бастаған жұмыс тобы Түркия еліне барып қайтты. Сапар барысында қазақстандықтар Ыстамбұл қаласы маңындағы «Гебзе» және «Қожаелі» елді мекендеріндегі өндірістік аймақтарда болып, Түркияның өндіріс аймақтарын басқарушы бірқатар компаниялармен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, елімізде жүріп жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына түрік инвесторларын тарту мақсатында бизнес қауымдастықтармен және түрік кәсіпкерлерімен екіжақты келіссөздер жүргізілді. Бұл жайында кеңірек «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Қазақ-түрік өнеркәсіп аймағы құрылмақ» деген мақаладан біле аласыздар.

***

Осыдан екі жыл бұрын бокстан Миланда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалғыз ғана жүлдеге иелік етіп, еліміздің сан мың жанкүйерлерінің көңілін күпті еткен еді. Сол жарыста 69 келі салмақта күш сынасқан Серік Сәпиевтің қола медальға қолы жеткен. Өзге былғары қолғап шеберлеріміздің барлығы да жеңіліс тауып, елге еңселері түсіп оралды. Ал ағымдағы жылы Бакуде өтіп жатқан жүлделі жарыста жерлестеріміз ерлеп тұр. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Әзірге төрт жүлде қолда тұр!» деген тақырыптағы мақалада жан-жақты баяндалған. «Сөйтіп, төрт бірдей жерлесіміз жүлдегерлер санатына қосылды. Олардың барлығы Лондон рингінде бақ сынау құрметіне ие болды. Енді біз Ғани Жайлауов, Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычкодан одан да зор нәтиже күтеміз. Сонымен қатар ширек финалда ұтылған Данабек Сужанов та Олимпиада лицензиясын олжалады. Ал Василий Левиттің жолдаманы иелік етуі үшін ширек финалда оның алдын ораған Қытай боксшысы Ханхин Ванг кемінде ақтық сынға шығуы керек», - деп жазады басылым.

Мұнайлы ел болғандықтан да, жыл сайын дәстүрлі түрде «Мұнай және газ» КИОГЕ көрмесі және соның аясында мұнайшылардың халықаралық конференциясы өтіп келе жатқанына биыл 19 жыл болды. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Моран мырзадан Мыңбаев неге үлгі алмайды?» деген тақырыппен жарияланды. Көрме жайында кеңінен баяндалған мақалада қазақ тіліне қатысты түйткілді жайт та көтерілген. «Сүйінші сұрамас па едік, егер Мыңбаев пен Қиынов еш болмаса сәлемдесуді қазақ тілінде айтқанда. Ал Ұлыбританияның Қазақстан мен Қырғызстандағы елшісі Дэвид Моран мырза болса, қазақ тілінде баяндама жасады. Сүйінші сұрайтындай бар ма, жоқ па? Біздіңше бар. Елші баяндамасының бір абзацын қазақша айтып, артынша оның ағылшынша аудармасын да жасап, баяндаманы екі тілде кезек-кезек жасап шықты. Сөйтіп, Моран айды аспанға бір-ақ шығарды», - деп жазады басылым.

***

Сонымен былтыр қабылданып, жыл басынан бері екі түзелген биылғы жылдың басты қаржы құжаты Сенаттың да батасын алып шықты. Жыл аяқталуына 2 айдан сәл артық уақыт қалғанда «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң қайта қаралып, Үкімет өзі тауып әкелген 93,8 млрд. теңгесін қайта бөліске салып еді, бұған Парламент «қой» деген жоқ. Бюджеттегі бөліністі бір ауыздан құптады. Әйтсе де жылдың ортасынан ауғанда қаржыны қайта қарастыруды әдетке айналдырған бюджеттік философияны сынға алғандар да болды. Парламент қабырғасындағы келелі кеңес «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санындағы «Жылдың көбі өтіп, азы қалғанда биылғы бюджет қайта бүтінделді» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі баяндалған.

***

«АҚШ астанасы - Вашингтонда америкалық «Ядролық қауіпті қысқарту жөніндегі бастама» (NTІ) қорының ашылуына он жыл толуына байланысты марапаттау салтанаты өтті. Қор тағайындаған мәртебелі сыйлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев лайықты деп танылды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, қорды құрушылар АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Сэм Нанн мен америкалық белгілі бизнесмен және филантроп Тед Тернер өз сөздерінде бұл NTІ шешімі Президент Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздандырудағы зор еңбегін бағалаудың белгісі екендігін атап өтті.