Жылдың соңына дейін 1 миллион тонна астық сатып алу бойынша жұмыстардың 50 пайыздан астамы орындалды

АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жылдың соңына дейін 1 миллион тонна астық сатып алу бойынша жұмыстардың 50 пайыздан астамы орындалды.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада аталған мәселеге байланысты өткен селекторлық кеңестен кейінгі брифингте  «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Астық сатып алу департаменті директорының орынбасары Олжас Мақатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бастапқыда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден жалпы мөлшері  5 миллион тонна астық сатып алу жүктелген. Оның 3 миллион тоннасы сатып алынды.

Сонымен бірге бағдарлама аясында 2 миллион тонна астық алу мақсаты тұрғанына тоқталған О. Мақатов, «осы екі миллионның бір миллионын биылғы жылдың аяғына дейін тапсыруымыз керек. Ал қалған бір миллион тоннаны алдағы жылдың бірінші тоқсанында сатып аламыз. Сондықтан биылғы 1 миллион тонна астықты сатып алу жұмыстарында бүгінгі кезде 50 пайыздан астамы орындалды»,-деді.

О. Мақатовтың сөзіне қарағанда, астықты алудағы кейбір кешігу себептері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан құжаттар уақытылы тапсырылмауына байланысты. «Осыған орай құжаттар толық жинақталмағаннан кейін біз де қаржыны аудара алмаймыз. Өйткені бұл қаржының да есебі бар»,- деді ол.

Атап айтқанда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» үшінші класты бидайды сатып алуда. Биылғы жыл жаңбырлы болғандықтан, астықтың біршама бөлігінің сапасы төмендеп, 4 класқа жатқызылды.

Соңғы жаңалықтар