Жылқы етін мұнай мен газ сияқты кірісі өте зор экспорт тауарына айналдыруға болады - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат // - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 4-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Жылқы етін мұнай мен газ сияқты кірісі өте зор экспорт тауарына айналдыруға болады - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, биыл Қазақстанда

14-15 миллион тонна көлемінде астық алынады деп күтілуде, ол республиканың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болады. Бүгінгі күні күздік және жаздық дақылдарды қоса алғанда егістік көлемі 16,7 миллион гектарды құрайды. Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында егін орағы басталып та кетті. 2-ші тамызға дейін 450 мың гектардың егіні орылды. Қазақстан бойынша орташа түсім таза салмақты алғанда гектарына 9,4 центнерді құрап отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың Елбасының алдында министрліктің атқарып отырған жұмыстарына байланысты есеп беру барысында қозғаған осы және өзге де мәселелерді «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Егін орағына ерекше көзқарас қажет» атты мақаладан оқисыздар.

Ал Батыс Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Орал өңірінде ми қайнатар аптап ыстықтың табандап тұрып алғанына үшінші айға кетіп барады. Мұнда күндіз күннің ыстығы 40-42 градусты көрсетсе, соңғы апталарда қапырық түннің өзінде де төмендемей, 30 градустың төңірегінде тұр. Осының салдарынан аймақта өзен-көлдердің сулары тартылып, судың шектен тыс жылынуынан балықтар қырылуда. Қалыптасқан жағдайдың салдарынан осы өңірде қалыптасып отырған қолайсыз жағдайлар жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санандағы «Үш айға созылған аптап» атты мақаладан білуге болады.

***

«Айқын» басылымының кеше «Allur Avto» қазақстандық автомобиль компаниялары тобы оңтүстіккореялық «SsangYong Motors» компаниясының өкілдері елордалық журналистерге Қостанай қаласындағы «Агромашхолдинг Қазақстан» акционерлік қоғамының базасында жасалған «SsangYong» маркалы автокөліктерді таныстырды. Енді қазан айынан бастап «джип» түріндегі аталған көліктер елімізде сатыла бастайды. Осы кезде Қазақстанда жасалған 18 көлік сынақтан өтіп жатыр. Болашақта «Агромашхолдинг» 600 машина жасап шығармақшы. Аталған көліктер еліміздегі сырттан әкелінетін ескі шет ел көліктерін алмастыра алады ма? Бұл мәселе жөнінде «Қазақстанның көлігі қазақтың қалтасына қаншалықты сай?» атты мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылымға сұхбат берген «Аман-саулық» қорының президенті Бақыт Түменованың сөзімен айтар болсақ, қазіргі таңда еліміздегі зейнеткерлер медициналық көмекке зәру-ақ. Қор президентінің зейнеткерлердің проблемалары бойынша жүргізген арнайы зертеулеріне қарағанда, егде азаматтардың тек 16 пайызында ғана созылмалы сырқаттар жоқ. Демек олардың барлығына дерлік ұдайы түрде медициналық көмек қажет. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Зейнеткерлерге медициналық көмек жетпей жатыр» атты мақалада.

***

«Алаш айнасы» бүгінгі санында «Ойыншық бизнесінде есеміз кетіп жатыр» деген мақала жариялап, дабыл қағуда. Басылым тілшісінің хабарлауынша, еліміз бүгін ойын баласын ойыншыққа жарыта алмай отыр. Өйткені бүгінгі күні еліміздегі сатылымдағы ойыншықтардың балаларға қауіптілігі жайлы сантиралық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімі мамандары мен психологтар жарыса айтуда. Әтсе де еліміздің базарларындағы Қытайдың қаптаған қауіпті ойыншықтарына әлі

күнге дейін тыйым болмай отыр. Оның үстіне отандық тауар өндірушілер де Қытайдың зиянды тауарларын нарықтан ығыстыруға қауқарсыз.

Сондай-ақ басылымның тілшісіне сұхбат берген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, шетелдегі ағайындар атажұртқа аз уақыттың ішінде жаппай көшіп келіп жатса, өте дұрыс болады. Бірақ бұл мүмкін емес. Өйткені олардың барлығы бүгін-ертең елімізге қоныс аударуға ынта-ықылас танытып отырған жоқ. Жылы орындарын суытқысы келмейтіндер баршылық. Оның үстіне көші-қон қаржымен де тікелей байланысты мәселе. Сондай-ақ елге қайтқан жасы келген азаматтарға зейнетақы төлеу қажет. Ал өзгелерін баспанамен және жұмыспен қамту қажет. Мұның барлығы қыруар қаржы. Бұл мәселе жөніндегі «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Елімізге келуші оралмандар саны сиреп барады...» атты мақалада.

***

Әйгілі демограф Мақаш Тәтімовтың пікірінше, тіл мәселесін орфография емес, демография шешеді. Оның келтірген деректері бойынша соңғы үш жылда дүниеге келген нәрестелердің 75 пайызы қазақ әйелінен, тағы 12 пайызы түркітілдес және шығыс халықтарының отбасында туған. Ал олардың менталитеті мен тілдері біздікімен жақын. Бұл мемлекеттік тілге деген демографиялық база дайын деген сөз. Яғни Мәдениет министрлігі дайындаған 2011-2020 жылдарды қамтитын Тілдері дамыту мен қолдану бағдарламасы осы факторды ашуға ықпал етуі тиіс. Бағдарлама бірінші кезекте орыстілді қазақтарға ықпал еткені жөн. Демограф-ғалымның осы мәселе төңірегіндегі пікірлері туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Проблему решает не орфография, а демография» атты мақаладан білуге болады.

***

«Литер» басылымының жазуынша, қазақстандықтар ерекше жақсы көретін жылқы етін мұнай мен газ сияқты үлкен экспорт тауарына айналдыруға болады. Біз бүгінгі күннің жылқы етін жеткізу жағынан әлемде үшінші орындамыз. Біз бұдан да биіктерге көтерілуіміз керек. Алайда етті мол көлемде экспортқа шығару үшін билікке бүгінде жоғалуға шақ қалған қазақтың асыл тұқымды жылқыларының басын көбейту жағын ойластыру керек. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Ход конем» атты мақаладан қанығасыздар.