Жылқы сатудан түскен ақша ерлі-зайыптылардың өліміне себеп болды

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Солтүстік Қазақстан облысының Криминалдық полиция қызметкерлері Пески ауылында жасалған отбасы жұбын өлтіру қылмысын ашты.

Жылқы сатудан түскен ақша ерлі-зайыптылардың өліміне себеп болды

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

Ағымдағы ақпан айында болған қылмыстық оқиға кезінде Пески ауылында тұрған ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінде табылған болатын. Арнайы іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 35 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол аталған қылмысты пайдакүнемдік мақсатпен жасағанын мойындады. Қылмыскердің қолынан қаза тапқан отбасы жұбы мал сатумен айналысқан. Сол кезде олар жылқы сатып, ірі сомада ақша тапқан. Оны білген қандықол қылмыскер олардың үйіне жылқы сатып аламын деген сылтаумен кіріп, отағасы мен оның зайыбын өлтірген. Содан кейін ақшаларын алып, бой тасалаған. «Қазіргі кезде қылмыскер қамауға алынып, заттай айғақтардың бір бөлігі тәркіленді», - дейді Қ. Жұманов.