Жылқы жылы табысқа қол жеткізген қазақ әншілері Жаңа жылды қалай қарсы алмақ?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылқы жылы көптеген қазақ әншілері үшін табысты жыл болды. Өнерпаздарымыз халықаралық музыкалық байқаулардан бірнеше мәрте жүлделі оралып, ел мерейін өсірді.

Жылқы жылы табысқа қол жеткізген қазақ әншілері Жаңа жылды қалай қарсы алмақ?

Көрермен көңілін тауып, 2014 жылы үлкен сұранысқа ие болған әнші жігіттердің көшін Айқын Төлепберген бастап тұр. Үш бейнебаян, қырықтан астам концерт, бір альбом шығарып үлгерген Айқынның айтуынша, жыл жемісті болыпты. «Келер қой жылы сәттілік серігім болады» деді сенімді түрде. Өйткені осыдан тура 12 жыл бұрын, яғни 2003 жылы шоу-бизнеске қадам басқан екен. - Биыл Жаңа жылды үйде әке-шешемнің, жолдасымның, баламның қасында қарсы аламын. 31 желтоқсан - әкемнің және жолдасымның туған күні, - дейді Айқын Төлепберген. Ал Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов үшін барлық жыл табысты. Оның айтуынша, еңбек еткен адамға қашанда жыл жақсылығымен, жаңалығымен келеді. - Жыл сайын замандастарынан оза шапқан, дарынды жастарды жігерлендіру мақсатында Мемлекеттік жастар сыйлығы берілуде. Менің ойымша, еңбек еткен адам елеусіз қалмайды, - дейді Ерік Жолжақсынов. Жылқы жылы «Жігіттер» тобы үшін де жақсылыққа толы жыл ретінде ерекше есте қалмақ. Жыл жаңалығы квартеттің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына лайық деп танылуы болды. - Бүгінгі таңда жастарымызға үлгі бола білсек, «Дарын» сыйлығына лайық деп табылсақ, еңбек еткен адамға бұдан асқан бақыт жоқ шығар», - дейді топ әншісі Бағлан Әбдірайымов. Өнер адамдарының көп мерекені көрерменнің көз алдында өткізетіні белгілі. Десе де олар үшін Жаңа жылдың алар орны ерекше. Сондықтан біз тілдескен әртістер «қой жылын отбасы ошақ қасында қарсы аламыз» деп отыр, деп хабарлайды 24.kz.