Жылқы жылы жасыл және көк түсті киімдерге басымдылық беріледі
АСТАНА. 3 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңа жылдан жақсылық күтетін қауым, әсіресе, қыз-келіншектер, заман талабына сай киінуді де ұмытқан емес.
Әлемнің белгілі сәнгерлері Лондон, Милан, Нью-Йорк, Парижде өткен сән апталығында жылқы жылының басты киім үлгілерін паш еткен еді. Тон және теріден жасалған сырт киімдермен қатар, қанық түс, арт-принттер, яғни, көлемді суреттері бар көйлектер және тор көзді киім үлгілері биылғы жылы сәнге айналмақ.
«Соңғы кезде әйел заты бұрынғыдай ашық киімнен гөрі шамалы жабық жүргенді ұнатады. Бұл сәнге айналып келеді. Әрине, ол сәнді және дене бітімнің кем-кетік тұстарын жасыруға да ыңғайлы. Дегенмен, бұл түбегейлі оранып алу емес, бірақ талғаммен киіну болып табылады», - дейді дизайнер Аида Қауменова.
Сондай-ақ, сәнді киінудің сырын ашқан дизайнерлер Жылқы жылы жасыл және көк түске басымдылық беріліп отырғанын айтып, оның ұтымды пайдалану кеңестерін де айтты.
Әрине, қымбат гауһар тастардан бастап, інжу, маржан сәннен қалған емес. Әрбір қарапайым көйлек не кофтаның сәнін аша түсетін «жабо», яғни, мойын әшекейін де ұмытпаңыз. Сондай-ақ, күнде болмаса да, салтанатты кештерде шашыңызға ерекше әшекей бұйымдарын тағып жүрсеңіз, бұл сіздің сән әлемінен хабардар екеніңізді көрсетеді, деп хабарлайды 24.kz.