Жылу беру маусымы қарсаңында электр стансаларының жағдайы қандай

«Қазақстанның энергетикалық кәсіпорындарында алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аяқталуда. Күрделі мәселелерді қарастыру және оларды шешу бойынша шаралар қабылдау үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен ай сайын салалық селекторлық кеңестер өткізілуде. Ағымдағы жылы 10 энергоблокты, 61 энергетикалық қазандықты және 49 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қыркүйектің басында 4 энергоблокта, 28 қазандықта және 22 турбинада жұмыстар аяқталды. Жалпы жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр», - деп тоқталды Бозымбаев.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта 17,2 мың шақырым электр энергиясын беру желілері жөнделіп, бұл жылдық жоспардың 71 пайызын құрады.
«Электр стансаларында 3 млн 700 мың тонна көмір қоры жиналып, бұл көрсеткіш былтырғы деңгейден 24 пайызға артық, сондай-ақ 82 мың тонна мазут жинақталды», - деді министр.
Бұдан бөлек ол Қарағанды облысының алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығына, оның ішінде «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының жылу беру орталығына ерекше назар аударылып отырғанын сөз етті. Әзірленген кестеге сәйкес, 3 қазандықты және 1 турбинаны жөндеуі жоспарланған. Қыркүйектің басында 2 қазанның (№ 2, 5) жөндеу жұмыстары аяқталды, қазіргі кезде №6 қазандық пен (ағымдағы жылдың 22 қарашасында аяқталады) №2 турбинаны жөндеу жұмыстары жүргізілуде.