Жылу электр орталығының ақауын реттей алмаған ведомство АЭС-ті қалай ұстап тұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылу электр орталықтарының ақаусыз жұмысын қамтамасыз ете алмай отырған Энергетика министрлігі АЭС-ті қалай ұстап тұрмақшы? Үкімет кулуарында ведомство басшысы Болат Ақшолақовқа осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылу электр орталығының ақауын реттей алмаған ведомство АЭС-ті қалай ұстап тұрады

«Егер қолыңызда 60-70 жылдан бері қолданылып келе жатқан жылу стансасы болса, оны қамтамасыз ету деген – күнделікті жұмыс. Күні-түні бақылауда ұстап, дұрыс қаражат бөлу керек. Ал АЭС – мүлде басқа жоба, жаңадан салынатын станция. Әрине, қазіргі таңда оны өзіміз салуға мүмкіндік жоқ. Осы технологияны таңдасақ, соған сай компанияларды да тартуға болады. Әлі онда жұмыс істейтін жұмысшыларды дайындау керек. Бұл жұмыспен біз бүгіннің өзінде айналысып жатырмыз», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда маман дайындаудың өзіне ғана тағы 4-5 жылдай уақыт керек.

«Егер станса құрылысы 10 жыл ішінде бітетін болса, сол кезге дейін біз 2000-3000 шамасында маман дайындауымыз керек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс қазірден басталуы керек. Кдрлар институтты бітірген болса, әрі қарай басқа стансаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауы керек. Содан кейін келіп өз үлесін қосады. АЭС салу, іске қосу, пайдалану бойынша өте көп құжаттар, өте көп талап-сұраныстар бар. Яғни өзінің тәртіп-ережелері бар. МАГАТЭ бар дегендей. Соның бәріне сәйкес болуымыз керек. Ол - біз шығарған ережелер емес, дүниежүзінің стандарттары», - деді Болат Ақшолақов.


Фото: shutterstock.com