Жылу энергетикасы саласындағы құзыреттер бөлінбек
«Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасы Азия даму банкі жұмылдырған халықаралық сарапшылардың техникалық қолдауымен әзірленді. Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң жоқ. Бұл заңнамада орын алып отырған олқылықтарға және осы салада стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарларының, саланың инвестициялық тартымдылығының, кәсіпорындардың тиімділігінің болмауы сияқты көптеген проблемалардың туындауына әкелді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, осы мәселелерді реттеу мақсатында министрлік Азия даму банкі тартқан халықаралық сарапшылардың техникалық қолдауымен аталған заң жобасын әзірледі.
«Энергетика министрлігіне қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүзеге асыратын жылу энергиясын тасымалдау функциясы бекітіледі. Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа кіретін жылу энергиясын үйішілік тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады. Сонымен қатар, заң жобасында жылу желілерін бақылау функцияларының жергілікті атқарушы органдардан Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысуын көздейтін норма қарастырылған», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, заңның негізгі аспектісі жаңа құралды – жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарын енгізу. Мастер-жоспар аумақтарды дамыту, тұрғын үй құрылысы, халық санының серпіні, өнеркәсіпті дамыту жоспарлары мен бағдарламаларымен және басқа да факторлармен өзара байланысты жылу энергетикасының жоспарлы үдемелі дамуын қамтамасыз етуге арналған.
«Айта кету керек, мастер-жоспарлар елді мекендердің техникалық бөлігі бойынша дамуын ескере отырып, жылу желілерінің дамуын және жылу көздерінің қажетті жылу қуатын ғана емес, сонымен қатар осы мәселенің экономикалық жағын да ескеретін болады. Жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарлары жергілікті атқарушы орган деңгейінде әзірленеді және бекітілді. Осы тетікті сынақтан өткізу аясында Азиялық даму банкі жұмылдырған халықаралық сарапшылар бүгінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының мастер-жоспарын әзірлеу бойынша пилоттық жобаны іске асырды», -- деді ол.