Жылу энергиясын есептеу аспаптары жоқ тұтынушыларға 651 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа мәлім етті.
Оның атап өтуінше, тұрмыстық тұтынушыларға ақшалай қаражат Алматыда 71,6 млн., Астанада 256,5 млн., Қапшағайда 1,76 млн., Петропавлда 4,8 млн., Екібастұзда 0,7 млн., Ақтөбе облысында 0,7 млн., Жамбыл облысында 15,8 млн., Шығыс Қазақстан облысында 24,9 млн., Қостанай облысында 10,5 млн., Қарағанды облысында 188,5 млн., Қызылорда облысында 11,6 млн., Оңтүстік Қазақстан облысында 64,2 миллион теңге көлемінде қайтарылған.
Бұл шара агенттік төрағасының бұйрығымен бекітілген сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеу әдісі бойынша жүргізілгендігін атап өткен А.Шкарупа «тұтынушыларға жылытылатын алаңның 1 шаршы метрі үшін қайтарылған сома 0,22 тиыннан 31,6 теңге аралығында болып отыр. Бұл ретте аумағы 70 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтер үшін қайтарылатын сома сәйкесінше 15,4 пен 2212 теңге аралығында болды. Температура ауытқуы алшақ әрі жылы болған сайын қайта есептеу сомасы жоғарылай түседі», деп нақтылай түсті.