Жылумен, газбен және электрмен жабдықтайтын жобаларды жүзеге асыру барысында 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылады
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі іріктеген жылумен, газбен және электрмен жабдықтайтын бірінші кезектегі жобаларды жүзеге асыру үдерісінде елімізде 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады.
Бұл туралы бүгін осы министрліктің Елбасының биылғы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауындағы ережелерді талқылауға арналған алқа мәжілісінде жауапты хатшы Асқар Баталов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Коммуналдық желілерді жаңалау мен жаңғырту - еңбек рыногын дамытудағы мүмкіндіктердің бірі. Министрлік облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп жылумен, газбен және электрмен жабдықтайтын бірінші кезектегі жобаларды іріктеуді бастап кетті. Осы жұмыстың нәтижесінде жалпы сомасы 15 млрд. теңгенің жылумен, газбен және электрмен жабдықтайтын 155 жобасы іріктелді», деді алқада А. Баталов. Оның айтуынша, бұлардың ішіндегі жылумен жабдықтайтын нысандар бойынша жобалардың құны ? 9,6 млрд теңге, газбен жабдықтайтын жобалардың құны ? 1,2 млрд. теңге, ал электрмен жабдықтайтын нысандардың құны ? 4,6 млрд. теңге. «Әкімдіктердің деректері бойынша, жобаларды жүзеге асыру үдерісінде 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады», - деді жауапты хатшы.