Жылына 10 тонна алтын концентратын өндіретін нысан іске қосылды

  АСТАНА.ҚазАқпарат - ЕХРО Конгресс-орталығында өтіп жатқан «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпы ұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жылына 10 тонна алтын концентратын өндіретін кәсіпорынды іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтар мен технологияларды пайдалану арқылы заманауи тау-кен байыту кешені іргетасынан бастап салынды. Ол жылына орташа есеппен 10 тонна алтын концентратын өндіретін болады. Жобаны жүзеге асыру 9 жыл бойы құрамында алтын бар кенді ашық тәсілмен, ал одан кейін жерастынан өндіруге мүмкіндік береді. Тау-кен байыту кешенінің өнімділігі жылына 2 млн тонна кенді құрайды. Осынау бірегей жоба әзірлеуден өндіріске дейін жолдан өтіп, жоспарланған қуатына шықты және қазірдің өзінде 3 тонна алтын концентратын өндірді», - деп атап өтті шара барысында «Бақыршы тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-ның бас директоры Юрий Овчинников.

Телекөпір барысында аталған кәсіпорын бас геологының орынбасары Серік Қонақбаев та сөз сөйлеп, Елбасының арқасында ондаған мың жас қазақстандық сапалы кәсіби білім алғанын баса айтты.

«Caravan Resources Ltd» ЖШС  - Директорлар кеңесінің төрағасы  Қайрат Сатылғанов «Алмалы» кен орнында катодты мыс өндіру зауытын тестілі түрде іске қосылғанын атап өтті.

«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Sary-ArkaCopper Processing компаниясы Қарағанды облысы «Алмалы» кен орнында катодты мыс өндіру зауытын тестілі түрде іске қосты. Қазіргі таңда барлық сынақ жұмыстары аяқталып, 1000 тонна өнім шығарылды. Жоба барысында жоғары өнімді 550 жаңа жұмыс орнын ашпақпыз. Біздің кәсіпорын Индустрия 4.0 мен өнеркәсіптік цифландыруға көшу бағдарламасының талаптарына сай. Сіз әрдайым қазақстандық металлургтерге қолдау көрсетесіз. Сіздің арқаңызда біз жаңа өндіріс кезеңдерін меңгердік. Сіздің қолдауыңызды сезініп, тәуелсіз әрі қуатты Қазақстанның өркендеуі үшін жұмыс істейтін боламыз. Құрметті, Елбасы! Екі бірдей кәсіпорынымызда толық өндірісті іске қосуға рұқсат беріңіз!», - деді Қайрат Сатылғанов.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев зауыттарды іске қосуға рұқсат беріп, табысты болыңдар деген тілегін жеткізді.

«Кеннің құрамы өте күрделі. Оны қайта өңдеу уақыты баяғыдан-ақ келген еді, шеше алмадық. Енді міне, оны жасап отырмыз. Бұл кеніште 44 тонна металл алтын өндірілетін болады. Толықтай алғанда, ендігі уақытта Қазақстан жылына 85 тонна алтын өндіру деңгейіне шықты. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Әлемдік ауқымда біз шамамен алғашқы ондыққа кіретін шығармыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар