Жылыту маусымы: ШҚО-да әрбір үшінші үйде қауіпсіздік талаптары сақталмаған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 8 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының Опытное поле кентінде 1975 жылы туған әйел мен оның 2006 жылы туған қызы улы газдан уланды. ШҚО ТЖД мамандары тұрғын үйдің пешінде тартудың болмауы жазатайым оқиғаның себебі болғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сондай-ақ осы күні дәл осындай себеппен Риддер қаласының аумағындағы Бутаково ауылында улы газдан уланған 19 жастағы тұрғын ауруханаға жатқызылды.
Айта кету керек, бұл үйлерде ТЖ қызметінің мамандары алдын ала қауіпсіздік нұсқауларын өткізген. Тұрғын үй пештерінің мұржалары бітелмеген. Ауа райының күрт жылынуы мұржаның жұмысына өз әсерін тигізді.
«Халықтың қауіпсіздігі үшін жылыту кезеңі аясында ШҚО ТЖД қызметкерлері тұрғын үй секторын кең ауқымды аралау жұмыстарын жүргізуде. Қазірдің өзінде 137 000-нан астам үй араланды. ШҚО ТЖД мамандары әр отбасында өрт-профилактикалық жұмыстарын жүргізді. Біздің басты міндетіміз - өрт пен улы газдан уланудың алдын алуға көмектесетін маңызды ұсыныстарды үйдің әрбір иесіне жеткізу», - деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары.
Рейдтер әрбір үшінші үйде бұзушылықтар бар екенін көрсетеді - уақтылы тазаланбаған мұржа, пештің алдына қойылатын төсемшенің болмауы, пештердегі жарықтар. ШҚО ТЖД қызметкерлерінің тұрақты ескерту жұмыстарына қарамастан, тұрғындар үйлердің қауіпсіздігі тек өздерінің мойнында екенін түсінуі керек. Әрбір үйесі мұржасын тазалап, бұзылған электр тоғы көзін жоймайынша және тұрғын үйді өртке қарсы жағдайға келтірмейінше, жағдай шешілмейді.
Құтқарушылар жылыту кезеңінде келесі ережелерді сақтау керектігін ескертеді:
- түтін құбырлары, түтін мұржалары және жылыту пештерінің басқа элементтері жылыту маусымы басталғанға дейін, сондай-ақ жылыту маусымы кезінде кемінде үш айда бір рет, үздіксіз жұмыс істейтін пештер кемінде екі айда бір рет күйеден тазартылады;
- шатырларда және түтін арналары өтетін үй-жайларда барлық құбырлар мен қабырғалар әктелу керек;
- өлшемі 50*70 см болатын металл пештің алдына қойылатын төсемше болуы тиіс;
- қыздырылған күл мен қож шығарылғаннан кейін арнайы бөлінген орынға жеткізіліп, үстіне су төгеді.