Жылыту маусымы төтенше жағдайсыз өтті - И.Тасмағамбетов
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Жылыту маусымы төтенше жағдайсыз өтті.
Бұл туралы бүгін Астанада күзгі-қысқы маусымның аяқталуына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
«Жылыту маусымы 2012 жылы 5 қазан күні басталды. Қыс мезгілінде жауын-шашын мол түскендігін білесіздер, оның мөлшері әдеттегіден 50 пайызға көп болды. Күртік қар кейбір аудандарды басып қалды. Дегенмен күзгі-қысқы мезгіл төтенше жағдайсыз өтті. Бірақ бізге таза техникалық, өнеркәсіптік салада орын алған мәселелерге тағы бір талдау жасап, келесі жылыту маусымына дайындықты бастау қажет», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар қала басшысы, келесі маусымға дейін Астанадағы ЖЭС-1 және ЖЭС-2 жаңғырту жұмыстарын аяқтауды және мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйлерге жылу құбырларын жүргізуді тапсырды.