Жылыту маусымы жақындап қалды: Құтқарушылар пешті қазірден бастап дайындауға шақырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары тұрғындарды пешті қазірден бастап дайындауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылыту маусымы жақындап қалды: Құтқарушылар пешті қазірден бастап дайындауға шақырды

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жылыту маусымында пеш жағатын жеке тұрғын үйлерде өрттер мен көміртегі тотығымен улану жағдайлары көбейеді.

Мәселен, Шығыс Қазақстанда былтырғы кезеңде 296 өрт шықса, 22 адам уланып қалған. Сол үшін құтқарушылар халықты пешті қазірден бастап дайындауға шақырды:

- Пештің сыртын және ішін мұқият тексеріңіз. Қандай да бір зақымдардың жоқ екеніне көз жеткізіңіз, қажет болған жағдайда мұржаны және пешті сылаңыз.

- Жылыту маусымы басталар алдында мұржа мен пешті 3 айда кемінде 1 рет тазалап отырыңыз.

- Пеш есігі бекітілуін тексеріңіз.

- Жылыту пеші мен жанғыш конструкциялардың арасында нормалармен белгіленген өртке қарсы қашықтық (шегініс) болуы тиіс.

Пеш жаққан кезде тыйым салынады:

- жанып жатқан пешті қараусыз қалдыру және пешті балаларға қадағалауды тапсыру.

- пешті жағу үшін бензин, керосин, дизель отынын және басқа да тез тұтанатын жанғыш сұйықтықтарды қолдану.

- желдету және газ арналарын мұржалар ретінде пайдалану.

- пештерді шектен тыс қыздыру.