Жылжымалы құрамды тіркеу мерзімі қысқарды - Көлік және коммуникация министрлігі
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Көлік және коммуникация Министрлігінің Көліктік бақылау комитетінде Көліктегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өткізілген жиынға «Нұр Отан» ХДП, қаржы полициясы, теміржол көлігіндегі кәсіпорындары қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ, мемлекеттік бас көлік инспекторлары қатысты.
«Кездесуде теміржол көлігінде бақылау-қадағалау қызметін іске асыру барысында туындайтын проблемалар, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық көріністерін жою үшін өзара бірлесіп әрекет ету бойынша бірлескен шаралар белгілеу мәселелері талқыланды. Бұл ретте Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әсет Асаубаев көліктік бақылау қызметін ұйымдастыру мәселелерінде ашықтық қағидасының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, 2010 жылы Комитет теміржол жылжымалы құрамын жөндеу сапасының мәселелері бойынша көліктік прокуратура, «ҚТЖ ҰК» АҚ, «Қамқор Менеджмент» ЖШС, теміржол жылжымалы құрамын жөндеу қызметін көрсететін жеке жөндеу кәсіпорындарының өкілдері қатысуымен жиналыстар өткізді. Соның нәтижесінде, теміржол жылжымалы құрамын тіркеу мерзімі қайта қарастырылып, тіркеу мерзімі 30 жұмыс күннен 20 жұмыс күнге дейін қысқартылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта тіркеу мерзімін 15 жұмыс күніне дейін қысқартылуы жоспарлануда», - делінген министрліктің таратқан баспасөз айғағында.
Кеңестің қорытындысы бойынша қатысушылармен өзара бірлесіп әрекет етудің тиімді әдістері ұсынылып, осы салада сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға бағытталған бірқатар сындарлы ұсыныстар енгізілді.