Жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауылдарды аралауда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жылжымалы медициналық кешендер арқылы коронавируспен күрес күшейтілді. Кентау қалалық емханасының қызметкерлері жылжымалы кешенмен шалғай ауылдарды аралап, қызмет көрсетуге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауылдарды аралауда

Таяуда ғана сатып алынған жылжымалы емхананың алғашқы қабылдауы Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының Достық елді мекенінен басталды. Аталған ауылдың 150-ге жуық тұрғынын емхананың кардиолог, гинеколог, педиатр, рентген, УДЗ, ЖТБ дәрігерлері қарап, медициналық тексеруден өткізді. Оның нәтижесімен науқастарға тиісті емдік шаралары мен жолдамалар берілді. Ақ халаттылар әсіресе коронавирус инфекциясымен күреске аса зейін қойған. Тұрғындардың дені өкпелерін заманауи рентген аппаратына түсіріп, індеттің алдын алу бойынша дәрігерлік кеңес алды. Тексеру барысында Covid-19 инфекциясымен күдікті науқас тіркелген жоқ. Ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қол жетімділігін арттыру мақсатында емхана дәрігерлері келесі жылдан бастап бекітілген тізімге сәйкес шалғай ауылдарды аралайтын болды. Жалпы, өңірде коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары аясында алынған 12 жылжымалы медициналық кешен флюрография, ультра дыбыстық аппарат, зерттеулерге арналған анализаторлар, офтальмоскоп, глюкометр және тағы басқа құралдармен жабдықталған.