«Жылжымайтын мүлік қоры» 300 мың шаршы метрден астам баспана салып, пайдалануға берді

Бұл туралы Қордың баспасөз қызметінен хабарланды.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының баспанамен қамту бағыты бойынша жеке меншік компаниялармен әріптестік аясында шамамен 770 мың шаршы метр (13 500 пәтер) пайдалануға берілмек, оның ішінде шамамен 620 мың шаршы метр (10 800 пәтер) Жылжымайтын мүлік қорына тиесілі. Осы арқылы «Жылжымайтын мүлік қоры» үш бірдей стратегиялық міндетті орындап оты, бұлар - қолжетімді баспана салу, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы әлеуметтік шиеленіс деңгейін төмендету және құрылыс материалдарын өндіретін жергілікті кәсіпорындарды жұмыспен қамтамасыз ету», - делінген баспасөз баянында.
Мәліметтерге қарағанда, Жылжымайтын мүлік қорының қызметі арқасында республиканың 11 өңірінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша, іске асатын жобалардағы жергілікті қамту үлесі орташа есеппен алғанда, 80 пайыздан асады. Сонымен қатар, қазіргі таңда Жылжымайтын мүлік қоры Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жалпы ауданы 315 мың шаршы метрден астам 9 тұрғын үй кешенін салып, пайдалануға берген.
«Тұтастай алғанда, «Жылжымайтын мүлік қоры» бағдарламаны іске асыру бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға берудің 2015 жылға арналған жоспарын 150 мың шаршы метр мөлшерінде орындады. Пәтерлердің 70 пайызға жуығы тұрғындарға сатып алу құқығымен жалдау арқылы берілді. Бұл ретте тұрғындар жалдаудың бүкіл мерзімінде, яғни 15 жыл, бір шаршы метр үшін белгіленген ай сайынғы соманы төлейді. Жалдау бағасы теңгемен бекітілген және жалдаудың бүкіл мерзімі ішінде құнсыздануға қарамастан өзгеріссіз қалады», - делінген баспасөз баянында.