Жылжымайтын мүлік қоры жалға берілетін баспаналарға қатысты салық мәселесін жыл соңына дейін шешетін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басшылығы жалгерлердің өкілдерімен кездесті. Кездесуде Басқарушы директор - Басқарма мүшесі Тимур Қалдыбаев жалдамалы пәтерге салық салу мәселесіне қатысты Жылжымайтын мүлік қорының ресми ұстанымын мәлімдеп, аталған мәселенің жылдың аяғына дейін шешілетінін айтты. Бұл туралы қордың баспасөз қызметінен хабарланды.

Жылжымайтын мүлік қоры жалға берілетін баспаналарға қатысты салық мәселесін жыл соңына дейін шешетін болады

Еске сала кетейік, 2013 жылдан бастап жеке тұлғаларға сатып алу құқығымен жалдау шарттары бойынша берілген мүлікке салық салынған болатын. «Осыған байланысты «Жылжымайтын мүлік қоры» салық мөлшерлемесін қайта қарау туралы ұсыныспен Үкіметке бірнеше рет шыққан еді. Өйткені, бұл мәселенің мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алатын жалгерлердің мүддесіне тікелей қатысы бар. 2015 жылы Жылжымайтын мүлік қоры «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп, Салық кодексіне өзгерістер енгізуге қол жеткізді. Онда мемлекеттік бағдарламаның операторлары үшін сатып алу құқығымен жалға алынған  пәтерге салынатын салықтың мөлшерін төмендету мүмкіндігі көзделген», - делінген баспасөз баянында.

Қазіргі күні мемлекеттік бағдарлама операторларының бірі «ҚИК» АҚ Өңірлерді дамытудың салалық бағдарламасының қатысушысы болып табылатын жеке тұлғалардың мөлшерлемелері бойынша есептейтін заңды тұлғалардың тізбесіне енді. Ал «Жылжымайтын мүлік қоры» салалық бағдарламаның операторы бола тұра, аталған Тізбеге енбей қалған.

Осыған орай, Тимур Қалдыбаев компания басшылығы салық мөлшерлемелерін төмендету талабымен Жылжымайтын мүлік қорын тізбеге қосу бойынша жұмыстарды жүргізетінін мәлімдеді. «Біз жалгерлер үшін аталған мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан Үкіметпен және Қазақстан Республикасының  Ұлттық экономика министрлігімен сындарлы қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз. Жылжымайтын мүлік қоры қабылдаған шаралар күткендей нәтиже әкелмеген жағдайда, мәселені шешудің басқа жолдарын іздестіреміз. Жылжымайтын мүлік қоры 2016 жылдың соңына дейін салық салу мәселесін шешуді көздеп отыр», - деді Т. Қалдыбаев.