Жылжымайтын мүлік құқығы міндетті түрде электрондық тәртіппен тіркелетін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нотариалдық куәландырылған мәміле жасасқан жағдайда жылжымайтын мүлікке құқықты міндетті түрде электрондық тәртіппен мемлекеттік тіркеу жасалады.

Жылжымайтын мүлік құқығы міндетті түрде электрондық тәртіппен тіркелетін болады

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Әділет министрі Берік Имашев мәлім етті. Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

«Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну арқылы не болмаса бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы электрондық нысанда жүзеге асатын болады. Электрондық тіркеуді міндетті түрде енгізу осы саладағы жетекші елдердің тәжірибесі негізінде әзірленді. Бұл тіркеу кезіндегі меншік құқығына жасалатын әртүрлі заңсыз әрекеттерден қорғауды күшейту мақсатында жасалып отыр. Соған орай, бұндай құқықтарды қағаз түріндегі тіркеу баламасы алынып тасталады», деді Берік Имашев. Бұндай бастаманы Мәжіліс депутаттары да қолдап отыр. Мәселен, депутат Айткүл Самақованың айтуынша, міндетті түрде электрондық тіркеуді енгізу алаяқтық әрекеттердің алдын алуға септігін тигізетін болады. «Бұл өте дұрыс. Ең бастысы ыңғайлы, барлық шарттар ортақ базаға тіркеледі. Екіншіден, шарт жасасушылардың да уақытын үнемдеуге, жеңілдетуге жол ашады», - деді депутат А. Самақова.