Жылжымайтын мүлiкке техпаспортты EGOV.KZ арқылы алуға болады

АСТАНА. 15 шілде. ҚазАқпарат - Жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң техникалық паспортын алуға өтініш беру енді едәуір жеңілдеді.

Жылжымайтын мүлiкке техпаспортты EGOV.KZ арқылы алуға болады

Өтініш берушіге электрондық үкіметтің www.egov.kz порталы арқылы онлайн өтініш жасап, Жылжымайтын мүлік орталығының қызметкерінің қоңырауын күту ғана керек. Мамандар клиентке техниктің келуіне ыңғайлы уақытты нақтылау үшін қоңырау шалады. Онлайн өтініште құқық белгілейтін құжаттың скан-көшірмесі және қызметке төлем жасалғаны жайлы түбіртек қоса болуы қажет. Болашақта қызметті электрондық үкіметтің порталы арқылы онлайн түрде төлеуге мүмкіндік ашылады.

Өтініш қабылданбаған жағдайда, пайдаланушының жеке кабинетіне оның себебін түсіндірген дәйекті жауап қайтарылады.

Сонымен, өтініш берушіге атқарушы органға құжаттарды тапсыру үшін барудың қажеттілігі жоқ. Онлайн өтініш берілгеннен кейін, клиент белгіленген уақытта ХҚКО-на дайын құжатты алуға келеді. Бұрын өтініш беруші мемлекеттік органға 5 не одан да көп құжаттармен келіп және техпаспортты 5-тен 30 күнге дейін күтетін болған.

Дайын техникалық паспортты беру мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты. Мысалы, пәтерлер мен жатақханадағы бөлмелерге құжат үш жұмыс күні аралығында беріледі. Үйлер, гараждар, саяжайларға жеті жұмыс күні аралығында, ауданы 1000 шаршы метрге дейінгі нысандарға техпаспортты он күнде, ал ауданы 1000 шаршы метрден астам нысандарға жиырма күн аралығында алуға болады.

Техпаспорт алу барысының жеделдетілуі бизнес үдерісті автоматтандыру мен оңтайландыруға, қызмет көрсету кезінде халықтан талап етілетін құжаттар санының азаюы арқасында болды.

Бүгінде бұл қызмет Астана мен Алматы қалаларында іске қосылды. Қанатқақты режім аяқталғаннан кейін қызмет республиканың барлық аймақтарында колжетімді болады.

Толығырақ ақпаратты тәулік бойы жұмыс атқаратын call-орталық мамандарынан 1414 нөмірі арқылы білуге болады.