Жымпитыда Жаһанша Досмұхамедовқа арналған қойылым сахналанды

Жымпиты және Бұлан халық театрының әртістері ойнаған қойылымның режиссері - Дамира Әбдірахманова. Қойылым сценарийі өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың «Жанша» кітабындағы деректер негізінде жазылған.
Журналист Бауыржан Ширмединұлының мәлім еткеніндей, қойылым Алашорда үкіметінің мүшесі әрі көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың қайраткерлік жолы туралы баяндайды. Көрермен сахнадан Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Бақытжан Қаратаев, Қуанай хазірет сияқты қазақ зиялыларының бейнелерін көре алады. Осы бірегей тұлғалардың өзара диалогы арқылы қойылымның негізгі идеясы айтылады.
Бір айта кетерлік жайт, жергілікті театрдың әртістері Жоламан Еркін, Сәндібек Өтеғалиев, Нұрсұлтан Қалешов және Армат Алдамжаров басты кейіпкерлерді жақсы сомдады. Бұлардан басқа әртістердің де қойылымның қанық шығуына үлестері бар. Олардың сахналық ажары, киім киістеріне дейін үйлесіп тұр.
Тұсаукесерді халық жылы қабылдады.