Жын шығарамын деп кісі өліміне күдікке ілінген емші қамаудан шықты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 28 жастағы жігіттің өліміне күдікке ілінген халық емшісі екі айға үйқамаққа алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«15 қаңтарда күдікті екі айға үйқамаққа алынды», - деп мәлімдеген еді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ал бұған дейін облыстық полиция департаменті 63 жастағы емшінің уақытша ұстау оқшаулағышында жатқанын ресми түрде мәлімдеген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, кісі өлімі туралы факт 12 қаңтарда Қарасай ауданында тіркелген. Сот-медициналық сараптама барысында 28 жастағы азаматтың кеуде тұсынан қатты жабық жарақат алғаны, бірнеше қабырғаларының сынғаны және өкпесінің зақымданғаны анықталған. Осы ауыр жарақаттар кісі өліміне себеп болуы мүмкін. Аталған факті бойынша іс қозғаған полиция кісі өліміне күдікті ретінде жергілікті емшіні ұстады. «Марқұмның туыстары тарапынан полицияға ресми арыз әлі түскен жоқ. Дегенмен, оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 3 бөлімі, 106 бабы бойынша (Кісі өліміне әкеп соғатын денсаулыққа қасақана ауыр залал келтіру) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті ретінде дәстүрлі емес медицинамен айналысатын 63 жастағы азамат ұсталды», - делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз баянында.

Белгілі болғандай, марқұмды емшіге туыстары әкелген. Олар жас жігіттің ішінде жын бар деп ойлаған. Марқұм болған жігіт соңғы үш жылдан бері науқас екен. Емші жігіттің бойынан жынды шығарамын деп бес күн бойы «емдеген». Осының салдары кісі өліміне соқтырған болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар