Жыныс өзгерту жайындағы ислам ғалымдары пікірі
АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жынысын өзгертіп, мұсылмандықты мойындаған жан жайында ағылшын баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар топтамасы тек дін өкілдерінің ғана емес, қалың халықтың да арасында көптеген пікірталас туғызып, ақыр соңы дау-дамайға ұласқан болатын.
Ансар. Ru ақпараттық порталы анықтағандай, бұрындары әскери қызметте болған Валлендер есімді азаматтың осыдан бірнеше жыл бұрын жынысын өзгертіп, кейіннен шариғат шәлісін жамылып, Алла жолына аяқ басқаны белгілі. Бұл оқиғаны әлем мұсылмандары әлеуметтік желілерде қызу талқылай келіп, жынысын өзгерткен адамның құлшылығы Алла тағала алдында толық болмайтынын, тіпті ондай адамның исламды қабылдағанына қарсылық танытқандар да табылған. Осы себепті де, ислам дінінің білгір ғалымдары біріге келіп, түйткілді сұрақтың түйінін шешуге тырысты.
Muslim.kz сайтының жазуынша, Onislam.net шариғат департаментінің басшысы, ғылым докторы Ваиль Шихабтың берген мәлімдемесі бойынша, жыныс өзгерту отасы шариғат заңдарына қарама-қайшы келмек. Алайда, адам отаны исламға келмес бұрын жасатқан болса, онда оның бұл күнәсі кешірілмек.
«Мұсылман баласы өзін Алла тағала қалай жаратса, соған ризалық білдіріп, шүкіршілік ету тиіс. Ал егер психикалық немесе физикалық қиындықтарға тап болса, шешімдер тек шариғат шеңберінде қабылдануы тиіс», - деп атап көрсетті ғалым.
Атақты Аль-Азхар университетінен білім алған Ваиль Шихаб бұл тектес оталардың тек гемофродит ауруына, яғни қос жыныстылық белгісімен туылғандарға ғана жасалуға болатынын ескертті. Осы себепті де ол Валлендер мырзаны Алла тағала әу баста еркек етіп жаратқанын ескере отырып, бастапқы жынысын қайтару жолында тағы ота жасатуы тиістігін тілге тиек етті. Осындай ауыр ота жасату кезеңінде оған мұсылман бауырларының қол ұшын беріп, көмектесу керектігін баса айтты.