Жыр мүшәйрасы: техника мамандары арасында да ақындар көп
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Отан деп соғар жүрегім!» тақырыбында жас ақындардың жыр мүшәйрасы өтті.
Осы өнер додасының бір ерекшелігі, оған энергетика, агрономия және техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студент-жастар қатысты. Бас кезінде мүшәйраға 20 жас ақын қатысуға ниет білдірген екен. Олардың ішінен суырылып шыққан 11 ақын бүгін өзара сынға түсіп, өз өнерлерін паш етті.
Әділ қазылар алқасының шешімімен, бірінші орынды агрономия факультетінің студенті Нұрбала Алдамжарова иеленсе, ҚазАТУ колледжінің шәкірті Қуанбек Қоманұлы екінші орынға ие болды. Үшінші орын энергетика факультетінің студенті Әйгерім Құрметханға бұйырды. Ал мүшәйраның бас жүлдесін техникалық факультеттің шәкірті Айдын Байысов өз қанжығасына байлады.