Жыршы-термешілер сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбында сайысқа түседі
Онлайн жобаның басты мақсаты – қазақтың тамыры терең тарихымен бірге жасасып келе жатқан жыраулық дәстүрді, терме мен толғауларды, бес жүзге тарта эпостық туындыны халықтың рухани-ағарту игіліне пайдаланып, жыраулық поэзия арқылы бабаларымыздың қанындағы тектілігі мен тазалығын жастардың бойына сіңіру.
Онлайн байқауға қатысатын Ұлы дала елінің әр өңірінен ниет білдірген кәсіби және әуесқой жыршы-термешілер парасаттылық пен адалдықты, әділдік пен шыншылдықты арқау ететін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасқа шақыратын бұрынғы және бүгінгі ақын-жыраулардың шығармаларын талғамы биік тыңдарманның назарына ұсынатын болады.
Үміткерлердің арасында халықаралық және республикалық додаларда топ жарып жүрген Эльвира Есназар, Елбол Қуанбек, Аяулым Қамажан сияқты танымал өнерпаздар да бар.
Сайысқа түсетін шығармалар терме мәтінің тақырыптық мағынасы, мақам-саз қолдануы, орындаушылық шеберлігі, өнерпаздың киім үлгісі, видеоның сапасы сияқты ерекшеліктер бойынша бағаланады. Байқау жеңімпаздарын онлайн дауыс беру арқылы көрермен таңдайды.
Байқау 26 тамыз күні басталды. Онлайн дауыс беру республикалық ақпараттық-ағарту штабы жетекшісінің Youtube-арнасында (Yrza Tursynzada Live) жүргізіледі.
Бас жүлде иегеріне 1 миллион теңге тұратын «Атамұра» этножобасы табысталады. Сондай-ақ, үздік өнер көрсеткен өнерпаздарға арнайы сыйлықтар қарастырылған.