Жыршы Ұлжан Байбосыноваға Францияның ордені табыс етілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ танымал қазақ жыршысы Ұлжан Байбосыноваға «Франция әдебиеті мен өнерінің кавалері» орденін салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыршы Ұлжан Байбосыноваға Францияның ордені табыс етілді

null

Франция Елшісі орденді Алматыда өткен «Ұлы дала елі» этнофестивалінде салтанатты түрде тапсырды. Ол Франция Мәдениет министрінің арнайы тапсырмасымен Еуропадан жолданған құрметке қазақ жыршысы лайық екенін айтты.

null 

«Ұлы дала елі» этнофестивалі тамаша жоба. Бүгінгі кеште маған Қазақстанның оңтүстік өңірінен келген жыршылар мен Қарақалпастаннан келген өнерпаздың орындауындағы жырлар қатты ұнады. Олардың дауысы мен музыкалық аспапта орындауы шебер шықты. Мен бүгінгі кешке Астанадан Ұлжан Байбосынова үшін келдім. Ол Франциямен, Қазақстандағы біздің елшілікпен бірге бұрыннан жұмыс істеп келе жатыр. Оның еңбегі зор. Францияда Орталық Азия музыкасын сүйіп тыңдайтындар көп. Оның ішінде қазақ әні тыңдармандарының клубы бар», - деді Франция Елшісі ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.  

null 

Ұлжан Байбосынова «Ұлы дала елі» жобасы жауапкершілігі зор жоба екенін жеткізді.

null 

«Жыршылық, жыраулық өнердің қаншалықты терең екені белгілі. Сол себепті бұған үлкен жауапкершілікпен қарауға тура келеді. Терең мағыналы мұраны бағасын түсірмей халыққа жеткізу басты мұратымыз болды. Барлық қазаққа ортақ өнер болғандықтан бүгінгі күнгі орындаушылары мен ізін жалғастырушы ұрпақтарын қамту қажет», - деді Ұлжан Байбосынова.  

null 

Айта кетейік, Алматыдағы М. Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында  «Ұлы Дала елі» атты халықаралық жыршылар фестивалі болды. Жыр кеші «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Кешке жыр тыңдауға Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен өнер сүйер қауым, студенттер жиналды. Жыр кешінде көрермен тек қазақстандық өнерпаздардың ғана емес, алыс-жақын түркі халықтары жыршыларының да өнерін тамашалады. Нақтырақ айтқанда, Сыр, Орал, Маңғыстау өңірінің жыраулық өнерінің хас шеберлері, бүгінгі қазақ жыршыларының ақсақалдары Хатимолла Бердіғалиев, Бидас Рүстембеков, Өсербай Сәрсенбаев  бастаған жыршы-термешілерімізбен қатар, Өзбекстан, Түрікмен, Қарақалпақ елдерінен келген жыршылар да өнер көрсетті. 

null null null