Zijin Mining Group Қазақстандағы тау-кен жобаларына $600 млн-нан астам инвестиция салады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев халықаралық тау-кен өндіруші Zijin Mining Group компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Zijin Mining Group Қазақстандағы тау-кен жобаларына $600 млн-нан астам инвестиция салады
Фото: Үкімет

Тараптар Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы инвестициялық ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде қатты пайдалы қазбаларды игеру, қайта өңдеу жобаларын талқылады.

Zijin Mining Group әлемдегі ірі тау-кен өндіруші компаниялардың қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания 1,09 млн тонна мыс өндіріп, әлемдік өндірушілер арасында 4-орынға ие болды, алтын өндіру көлемі 90 тоннаны құрады. Компания мыс қоры бойынша әлемде 3-орында, алтын мен мыс ресурстары бойынша – 5-орында, мырыш бойынша – 6-орында, литий бойынша – 7-орында.

Қазақстанда Zijin Mining Group Ақмола облысындағы «Райгородок» кен орнында жұмыс істейді. Жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысына салынатын тікелей инвестициялар көлемі $600 млн-нан асады. Жоба жылына қосымша 10 млн тонна кен өңдеу қуатын құрып, тау-кен байыту кешенінің жалпы қуатын 16 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді.

Компания Қызылорда облысындағы «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнына да қызығушылық білдіріп, жобаға ықтимал қатысу мүмкіндігін нақты пысықтауға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде минералдық шикізатты терең қайта өңдеу, заманауи технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру, экологиялық, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Айта кетелік Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 12 млрд доллардан астам инвестиция салды