Зимбабведе екі автобус соқтығысып, кем дегенде 30 адам қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Зимбабведе екі автобустың соқтығысуы салдарынан кем дегенде 30 адам қаза тапты және 36 адам жарақаттанды, деп хабарлады РИА Новости.
Франс Пресс агенттігінің ақпаратынша, оқиға бейсенбі күні Зимбабве астанасы Харареден елдің оңтүстік-батысындағы Булавайо қаласына апаратын автотрассада орын алды. Полиция ақпаратынша, жүріп бара жатқанда автобустардың бірінің доңғалағы жарылды. Сол себепті ол қарсы жолаққа шығып кеткен.
"Кеше жол-көлік апаты орын алғанын растай аламын. Жиырма сегіз адам, соның ішінде екі жүргізуші оқиға орнында қаза тапты, тағы екі адам Квекве қаласының ауруханасында көз жұмды", - деді жергілікті полиция өкілі Черити Чарамба.
Ол 32 жапа шеккеннің жағдайы ауыр екенін айтты.